Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға қосқан зор үлесі және халық денсаулығын қорғау жолындағы көпжылдық адал еңбегі үшін Ұлттық ғылыми онкология орталығының бөлімше меңгерушісі, анестезиолог-реаниматолог дәрігері Александр Валериевич Колеснев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ал Ұлттық ғылыми онкология орталығы Әйелдер денсаулығы орталығының сектор аға ординаторы Александр Константинович Дигай «Шапағат» медаліне ие болды.
Александр Валериевич медицина саласына 30 жылдан астам ғұмырын арнаған тәжірибелі маман. Оның кәсіби қызметі анестезиология, реаниматология, гематология және сүйек кемігін трансплантациялау бағыттарының дамуымен тығыз байланысты. Жоғары біліктілігі, кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіруге деген ұмтылысы және өз ісіне адалдығының арқасында ол еліміздегі онкологиялық көмектің дамуына елеулі үлес қосты.
Александр Константиновичтің онкология саласындағы еңбек өтілі 27 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ол өзін жоғары білікті маман ретінде танытып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін тәжірибеге белсенді енгізіп келеді. Кәсіби тәжірибесін Германия, Корея және Словакияның жетекші клиникаларында жетілдірген.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының ұжымы әріптестерін жоғары мемлекеттік наградаларымен шын жүректен құттықтайды. Бұл марапаттар – олардың көпжылдық қажырлы еңбегіне, кәсіби біліктілігіне және пациенттердің денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған игі миссиясына берілген жоғары баға.
Әріптестерімізге зор денсаулық, отбасы амандығын, жаңа жетістіктер мен отандық денсаулық сақтау саласының өркендеуі жолындағы еңбектеріне толайым табыс тілейміз!
