ҰҒОО «Белые ночи – 2026» халықаралық форумында қазақстандық онкологияның жетістіктерін таныстырды

2026 жылдың 2-4 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) делегациясы Санкт-Петербург қаласында академик Н.Н. Петров атындағы Ұлттық медициналық онкология зерттеу орталығының базасында өткен онкология саласындағы ең ірі кәсіби алаңдардың бірі – «Белые ночи – 2026» халықаралық онкологиялық форумына қатысты.

Биылғы форум ресейлік онкология ғылымының негізін қалаушы Николай Петровтың туғанына 150 жыл толуына арналды. Оның ғылыми мұрасы қазіргі онкология ғылымы мен клиникалық тәжірибесінің дамуына зор ықпал етті.

Форумның ғылыми бағдарламасы аясында ҰҒОО мамандары орталықтың бірнеше бағыттағы жетістіктерін таныстырды. Қазақстандық сарапшылар «Ісіктер морфологиясы» және «Медициналық ұйымның цифрлық ортасы» секцияларында баяндама жасап, диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ медициналық үдерістерді цифрлық трансформациялау бағытында қол жеткізілген тәжірибелік нәтижелерді ұсынды.

Форумның маңызды оқиғаларының бірі «ҰҒОО-дағы сәулелік онкология және ядролық медицина: Орталық Азиядағы онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа көкжиектері» атты мамандандырылған секция болды. Секцияға академик Н.Н. Петров атындағы Ұлттық медициналық онкология зерттеу орталығының директоры Алексей Беляев модераторлық етті.

Отырыс барысында ҰҒОО мамандары сәулелік онкология, ядролық медицина, протондық терапия және радиофармацевтикалық препараттарды өз өндірісінде шығару бағытындағы тәжірибесін таныстырды. Форум қатысушыларына Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі пациенттерге жоғары технологиялық онкологиялық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беріп отырған заманауи тәсілдер ұсынылды.

Секция жұмысын қорытындылаған Алексей Беляев Қазақстанның онкологиялық қызметінің қарқынды дамуын жоғары бағалап, Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрылуы Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азия өңірінде заманауи онкологияның дамуына серпін берген маңызды қадам болғанын атап өтті.

Форум аясындағы тағы бір маңызды оқиға – ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаевқа Николай Павлович Напалков атындағы естелік медальдің табысталуы болды. Бұл марапат 2023 жылы академик Н.Н. Петров атындағы Ұлттық медициналық онкология зерттеу орталығының Ғылыми кеңесінің шешімімен тағайындалған және халықаралық ынтымақтастықты, медицина ғылымы мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін беріледі.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет ҰҒОО резиденттерінен құралған команда жас мамандар арасында өткен «Онко-Олимп» зияткерлік олимпиадасына қатысты. Жас дәрігерлердің халықаралық кәсіби додаға қатысуы орталықтың кадрлық әлеуетін нығайтуға және жетекші онкологиялық орталықтармен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін маңызды қадам болды.

Ұлттық ғылыми онкология орталығының «Белые ночи – 2026» халықаралық форумына қатысуы қазақстандық онкологияның жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте айқындады. Сонымен қатар бұл форум халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға, отандық медицинаның жетістіктерін әлемдік сарапшылар қауымдастығына таныстыруға және болашақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.