Қазақстаннан жалғыз команда: ҰҒОО резиденттері халықаралық онкология олимпиадасында үздік жас онкологтардың қатарына енді

Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) резиденттері Санкт-Петербург қаласында 3–4 шілде күндері XII Петербург халықаралық «Белых ночей» онкологиялық форумы аясында өткен «ОнкоОлимп: Под светом Белых ночей» II Бүкілресейлік халықаралық онкология олимпиадасында Қазақстан атынан қатысқан жалғыз команда болды.

Академик Н.Н. Петров атындағы Ұлттық медициналық онкология зерттеу орталығы ұйымдастырған беделді білім сайысында жетекші медициналық жоғары оқу орындары мен мамандандырылған онкологиялық орталықтардың командалары бақ сынады. Екі күнге созылған тартысты дода қорытындысы бойынша ҰҒОО командасы төртінші орынды иеленіп, халықаралық білім алаңында Қазақстанның абыройын лайықты қорғады.

Команда құрамына «Ересектер онкологиясы», «Ересектер гематологиясы», «Радиология» және «Жалпы хирургия» мамандықтары бойынша білім алып жатқан резиденттер енді. Әртүрлі бағыттағы мамандардың бір командада болуы қатысушыларға мультидисциплинарлық консилиум жұмысын үлгі ете отырып, күрделі клиникалық жағдайларды жан-жақты талдауға мүмкіндік берді.

Олимпиада бағдарламасы күнделікті дәрігерлік тәжірибеге барынша жақын форматта ұйымдастырылды. Жас мамандар күрделі клиникалық жағдайлар мен патоморфологиялық қорытындыларды талдап, емдеу тактикасын анықтады, тәжірибелік дағдыларын көрсетті және сүйемелдеуші терапия бойынша тапсырмаларды орындады. Бағалау барысында кәсіби біліммен қатар клиникалық ойлау қабілеті, командамен тиімді жұмыс істеу және пациентпен дұрыс қарым-қатынас орнату да ескерілді.

«Бұл оқулықтағы білімді тексеретін емтихан емес, нағыз командалық жұмыс болды. Біз клиникалық жағдайларды талдап, әртүрлі тәсілдерді талқылап, шектеулі уақыт ішінде шешім қабылдадық. Мұндай тәжірибені тек аудиторияда отырып меңгеру мүмкін емес. Дәл осындай тәжірибе кәсіби тұрғыда өсуге жол ашады», – дейді команда капитаны, «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша екінші оқу жылының резиденті Лаура Құлекен.

Қатысушылардың айтуынша, олимпиаданың ең құнды тұстарының бірі – жетекші онкологиялық орталықтардағы әріптестермен тәжірибе алмасу, қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерімен танысу және өздерінің кәсіби даярлық деңгейін объективті бағалау мүмкіндігі болды.

Мұндай халықаралық білім сайыстары жас дәрігерлердің кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Олар теориялық білімді тәжірибеде қолдануға, клиникалық ойлау мен командалық жұмысты дамытуға, сондай-ақ әртүрлі елдердің мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

ҰҒОО командасының құрамы:

Лаура Құлекен – «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша 2-курс резиденті, команда капитаны;

Жанқуат Кубеев – «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша 1-курс резиденті;

Темірлан Жабағин – «Ересектер гематологиясы» мамандығы бойынша 2-курс резиденті;

Әлішер Сәрсенбаев – «Радиология» мамандығы бойынша 2-курс резиденті;

Шамшырақ Аралбаева – «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша 1-курс резиденті.