Әлемдік деңгейдегі медицина қауіпсіздік мәдениеті мен нәтижені әділ бағалаудан басталады

«Bolashaq» қауымдастығы ұйымдастырған «Медицина қызметкерінің мәртебесі: кәсіби мойындалуы, құқықтары, жауапкершілігі және қолдау» атты дөңгелек үстелде Ұлттық ғылыми онкология орталығының гепатопанкреатобилиарлық хирургия, онкогепатология және ағзаларды трансплантациялау орталығының меңгерушісі, NU School of Medicine клиникалық тьюторы, «Bolashaq» халықаралық бағдарламасының түлегі Жанат Спатаев баяндама жасады.

«Жеке арманнан ұлттық сараптамаға дейін: Қазақстанда әлемдік деңгейдегі медицинаны қалай қалыптастыруға болады?» тақырыбында сөз сөйлеген спикер 2016 жылы Питтсбургте тағылымдамадан оралғаннан кейін елімізде заманауи хирургиялық қызметті дамыту жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ жоғары технологиялық медицинаны дамытуға негіз болатын басты қағидаттарға тоқталды.

Орталық ұжымы осы жылдар ішінде ауқымды тәжірибе жинақтады. Бүгінде мамандар 127 бауыр трансплантациясын, оның ішінде Қазақстанда алғаш рет орындалған аса күрделі трансплантацияларды жүзеге асырды. Сонымен қатар 328 панкреатодуоденальды резекция (Уиппл операциясы) мен жүздеген көлемді бауыр резекциясы орындалды.

Жанат Спатаев өз баяндамасында хирургияны дамыту ең алдымен пациент қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мықты клиника асқынуларды ашық талқылауға, M&M-конференцияларын тұрақты өткізуге және Failure to Rescue көрсеткішін – асқынуларды дер кезінде анықтап, пациенттің өмірін сақтап қалу мүмкіндігін – жүйелі түрде талдауға негізделуі тиіс.

Баяндамада Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің артықшылықтарына да ерекше назар аударылды. Спикердің айтуынша, ел халқы санының салыстырмалы түрде аз болуы ұлттық клиникалық регистрлерді тиімді қалыптастыруға, күрделі операцияларды мамандандырылған орталықтарда шоғырландыруға және Скандинавия елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, пациентке бағытталған дербестендірілген емдеу тәсілін кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Жанат Спатаев отандық медицинаның басты мәселесі білімнің жетіспеушілігінде емес, оны күнделікті тәжірибеде жүйелі әрі дәйекті қолдануда екенін атап өтті. Оның айтуынша, клиникалық хаттамаларды қатаң сақтау, командалық жұмысты күшейту және өз қызметінің нәтижесін ашық әрі әділ бағалау медициналық көмектің тұрақты дамуының негізгі алғышарттары саналады.

Сөз соңында спикер танымал хирург әрі жазушы Атул Гаванде ұстанымына тоқталып, әріптестерін бар мәселеге сылтау іздемей, нақты әрекеттен бастауға шақырды. Атап айтқанда, өз жұмысының нәтижелерін тұрақты талдап, клиникалық тәжірибемен бөлісіп, әрбір пациентке барынша мұқият қараудың маңызын ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстел Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде өтіп, медицина қауымдастығының өкілдерін медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі, құқықтары, жауапкершілігі және саланы дамыту мәселелерін талқылау үшін бір алаңға біріктірді.